Mobirise

Естеліктер


Майра Шәкенқызы АЙМАНОВА-ӘШІМОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

Қазақ киносының жарық жұлдызы

Менің білетінім - аяулы әкеміздің есте сақтау қабілеті ерекше еді. Естігенін өмірі ұмытқан емес. Қырық жасында киностудияға біржола ат басын бұрған ол өмірінің ақырына дейін бойындағы бар ерік-жігерін кино өнері жолына сарқа жұмсады. Егде тартқан кезінде де жүріс-тұрысы да тым ширақ, шаршап-шалдығып жүргенін көрген емеспіз. Музыка аспаптарының тілін жетік білетін ол кез келген аспапта ойнай беретін. Қайда барса да қолынан домбырасы түспейді. Үстіне қандай киім кисе де, өзіне жараса кететін. Басына кейде қалпақ кигенімен, көбінесе беретпен жүретін-ді. Үй ішінде ешқайсымызға дауыс көтеріп сөйлеген емес. Өзі қатарлы құрбы-достарының ішінен Жүсіпбек Елебековті ұстаз санайтын.
 ...Әкем өзінің жомарт жүрегінің жылуы арқылы тек өнер адамдарының ортасында ғана емес, қарапайым адамдардың да қимас досына айналды. Оны ақтық сапарға аттандыру рәсіміне қатысқандардың ішінде «Қазақфильм» студиясынан келген күзетші әйел де болған. Оның күйеуі бір кездері жазықсыз жауапқа тартылған жерінен Шәкеннің араласуымен отбасына оралса керек. Міне, енді сол әйел өз отбасына жасалған жақсылықтың өтеуі ретінде оның зиратының маңына шие ағашының көшетін отырғызады. Бір ғажабы, қақаған қыс айында отырғызылып, тереңнен тамыр тартқан осынау шие ағашының көшеті көктем келген сайын жапырақ жайып, қаулап өсіп келеді.

 Айманова-Әшімова М. Ш. Қазақ киносының жарық жұлдызы: [Қазақ әртісі, режиссер Ш. Айманов туралы қызының естеліктерінен] // Saryarqa samaly – 2024, – 8 ақпан (№ 6). – 18 б.

Хабиба ЕЛЕБЕКОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

«Елден ерек жаралған, Шыңға біткен шынарым»

Бүгін өнердің ұлы мерекесі! Қазақтың тұңғыш режиссері, Алаш кино өнерінің атаманы Шәкен Айманов дүние есігін ашқан күн. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Бір ауданда», «Атаманның ақыры», «Атамекен» сынды бас-аяғы он төрт фильм түсіріп, Алдар көсе, Исатай, Қодар, Керім, Отелло, Кассио, Хлестаков, Тихон, доктор Кельпак, Грамофоновтай шеберлік шыңына шарықтап кеткен ойлы образдарымен қазақ киносы мен сахна өнерінде құбылыс болған әйгілі актер, тұлғалы режиссердің ұлт руханиятына сіңірген еңбегі орасан. Мәскеудің қара жолында небәрі 56 жасында қапыда қиылған қайран ғұмыр дәл осы күні көзі тірі болғанда бір ғасырды жасап, жүздің көгінде шалқи жүзер еді. Ғасыр тойы тойланғалы отырған кино кемеңгерінің кесек тұлғасын тағы бір мәрте көз алдымыздан өткізсек деген ниетте ардагер актриса Хабиба Елебекова апамыздан естелік сұрай барған едік. Замандас, сыйлас игі досқа деген сағыныш апа жанарында мөп-мөлдір моншақ болып тұнып тұрып, төмен сырғыды. Жаспен бірге ғибратты әңгіменің де тиегі ағытылды.
 – Шәкен жаратылысы бөлек, мінез-құлқы өзгеше, өмірге көзқарасы басқаларға ұқсай бермейтін ерекше жан еді. Сырт көзге ашу-реніш дегенді білмейтін, тек ойын-сауық құрып думандатып жүретін сал-серілердей көрінетін. Рас, Шәкен жалғыз жүргенді ұнатпайтын. Былайғы жұрт та оған үйірсек келетін. Аузынан шыққан сөзге дуылдаса күлісіп мәз болатын. Шәкен дүние-мүлікке, ақшаға қызыққан жан емес. Барды қанағат қылып, жоққа ренжімей жүре беретін. «Жомарттың қалтасы тесік екендігін» өмірінің соңына дейін дәлелдеп өтті. Өзінде бар болса, сұраған адамының қолын қайтарған емес. Кейде өзінің қарызға батып жүретінін қайтерсің. Тегінде, шынайы өнерпаздардың табиғаты солай жаратылған-ау деген ойға келесің.
  – Шәкен атамыздың ерекше есіңізде қалған қандай айрықша мінезін айтар едіңіз?
  – Шәкенді тану үшін мына бір ғана оқиғаны айтып беру жеткілікті деп ойлаймын. Қазақ ұлтының біртуар даңқты домбырашысы, дәулескер күйші, қазақ драма театрының алғашқы актерлерінің бірі Әбікен Хасенов 1958 жылы 66-ға қараған жасында қайтыс болды. Әбікенді шығарып салуға көп адам жиналды. Үкімет тарапынан көмек керек болған соң, Жүсекең мен Шәкен көркемөнерді басқарып отырған бір үлкен кісінің алдына барады. Жай-жапсарды айтып, көмек беруін сұраса, әлгі кісі Әбікеннің кім екенін білмей-ақ қойыпты. «Ол кім дейсіңдер, қандай еңбегі бар?» деп қайталап сұрай беріпті. Жүсекең өнерді тікелей басқарып отырған адамның Әбікенді білмей отырғанына ыза болып, ерсілі-қарсылы жүріпті де қойыпты. Ал Шәкен болса әлгі кісінің бетіне қарап, бір сәт мысқылдай жымиып отырады да: «Апырай, ә, қандай өкініш... Осы уақытқа дейін «Сарыжайлау» мен «Сылқылдақты» бір естімеген екенсіз. Онда сізге қалай түсіндіруге болады?» деп орнынан тұрып жүріп кетіпті. Шәкеннің осындай да мінездері болатын. Көңіліне жақпаса әңгімені бірден шорт қайыратын.
– Жүсіпбек Елебеков пен Шәкен Аймановты араларынан қыл өтпес жақын дос болған деседі. Сіздің ойыңызша, қазақ өнерінің екі алыбын біріктірген өнерден бөлек нендей үндестік? – Иә, ол рас. Жүсекең Шәкенді өте қатты сыйлады. Шәкен десе шығарда жаны бөлек еді. Кейде ұзақ уақыт төбе көрсетпей кетсе, өзі арнайы телефон соғып: «Шәкен-ай, қайда жүрсің? Соғымның жылы-жұмсағы бітпей, ескірмей тұрып жеп кетсеңдерші» деп шақыратын. Шәкен келген кезде, көңілі сондай көтеріліп, талай әңгіменің тиегі ағытылатын. Шәкен біздікіне көбіне жолдассыз, жеке келетін. Ондағысы сол кешті тек қана әнге арнаушы еді. Кілегей қатқан қою үнді шайын ұнататын. «Шайың қайнап кетпесін, бұқтырып қана берсең болады. Аққұманға суды азырақ құй!» деп өзі бірге жүретін. Мен болсам оған реніш білдіріп: «Қойшы, Шәкен, жағаласпашы. Өзім де білем ғой!» деп ұрсатынымды қайтерсің. Оны тыңдап жатқан Шәкен жоқ. Бабына келтіріп ішкен шайдан соң ән басталады. Ән аяқталысымен екеуі отырып алып ән жайлы, өнер жайлы ұзақ шүйіркелесетін. Көбінесе ән айтып, айтылған туынды төңірегінде айтысып, қызу пікірталасты да әп-сәтте туғызып жібере-тұғын. Үйге келе сала Жүсекеңнің домбырасын қолына алып, бірден «Екі жиренге» басатын: «Өмірге ерте туып асыға өскен,
Дүниеге адам қонақ түней көшкен.
Ер туып, ел қорғаған ата-баба,
 Солардың ізі жатыр, тозаңы өшкен.
...Жиырма бес-ау, қайта айналып
                            келер ме екен?!.»
– деп әуелетуші еді әзіз жүрек. Осы әнді айтқанда көзіне мұң толып, маңдай әжімдері тереңдеп, қатты тебіреніп, ерекше күй кешетін. Бейнебір, өз өмірінің бар табиғаты осы әннің иірімінде жатқандай... Қайталап орындаудан жалықпайтын. Әбден шаршап, сусаған көңілін әсем әннің кәусарына қандырғаннан кейін ғана әңгімеге ауысатын. Кейде мен Шәкен өмірін өзі образын жеріне жеткізіп ойнаған Алдар көсе бейнесіне ұқсатамын. Кейіпкері секілді Шәкен де елдің барлығына жақсылық жасап, өмірдің мәнін өзінше түсініп, ғұмырын сал-серілерше өткізді. Содан кейін дәл фильмнің түйініндегідей Алдар көсе кейпіне енді де, жападан жалғыз жат жерде үзіліп кете барды. Неге екенін білмеймін, әйтеуір Шәкенді ойласам Алдар көсе бейнесі көңіл түкпірінде көлбеңдеп тұрып алады.
   – Алаш кино өнерінің алып бәйтерегі – Шәкен Аймановпен ақтық рет жүздескендеріңіз есіңізде ме?
   – Жүсекең «Алматы» санаторийінде емделіп жатқан еді. Кәукен мен Шабал да сонда болатын. Бір күні Шәкен үйге арнайы телефон соғып: –Хабеке, осы демалыста Жүсекеңе барасың ба? – деп сұрады. – Ертең баруға дайындығым жоқ. Базарға барып ет алып келу керек. Оны баптап пісіру жағы тағы бар. Бірер күннен соң барамын, – деп едім: – Не дайындық керек? Бауырсақ пісіріп алсаң болды ғой. (Бауырсақты өте жақсы көретін). Ертең қолым бос, бірге барып қайтсақ қайтеді. Кәукен мен Шабал да сонда жатыр. Тастап кетіп жүрме, – деп тықақтай сұрап, қатты тапсырды. Мен болсам: «Жарайды, уақыттың ыңғайына қарай көрерміз», деп екіұшты жауап бердім. Адамның мінезі қызық қой. Егер сені біреу қадірлей түссе, әлдеқандай болып шалқақтайтының бар. Мен де Шәкенге солай еркелейтінмін. Бірақ сонша қадала тапсырғанымен, Шәкен ертеңінде келмеді. Неге келе алмағаны белгілі еді: «Атаманның ақыры» фильмі түсіріліп бітіп, соның жұмысымен қарбаласып жатқан беймаза шақ болатын. Іле Мәскеуге аттанып кетті. Ал мен болсам дәл сол күні Шәкеннің даусын ең соңғы рет естіп тұрғанымды тіпті де сезбеппін. Арада көп уақыт өтпей, 1970 жылдың 24 желтоқсанында Мәскеуден қаралы хабар жетті. Асыл текті арда Шәкен өмірден өтіпті. Әлі есімде, сағат таңғы алтыда телефон шылдыр ете түсті. Оқыс шыққан қоңырау үні барлығымыздың ұйқымызды шайдай ашты. Тұтқаны отағасы көтерді, Сапекең (жазушы Сапарғали Бегалин) екен. Қысқаша амандықтан кейін Жүсекең:
– Ойбай, не дейсіз?! – деп қолындағы тұтқаны тастап жіберді. Сосын «Бауырым-ай, жампозым-ай, енді қайттім боздағым-ай...», – деп айқайлап, зарланып дәлізде ерсілі-қарсылы жүре берді. Тура бір шоқ басып алғандай. Балалар да үрпиісіп түрегелді. Бір сұмдықтың болғанын біліп, Жүсекеңнің айналасына жиналдық. Ол кісінің есі шығып кеткен, не істеп жүргенін өзі де білмейді. Сұрауға батылымыз жетпеді, боп-боз болып қуарған жүзінен қорқып тұрмыз. Әлден уақыттан кейін: «Шәкенім-ай, сен де кеттің бе?» дегенді естігенде, төбемнен жай түскендей, көзім қарауытып кетті... Сонда бір таңғалғаным, Жүсекең бұл күндері жылауды қойып, ешкіммен сөйлеспей, жекеленіп үнсіз жүретін болды. Тіпті, мәйітті інісі Кәукен Кенжетаевтың үйіне әкелгенде де жанарын жасқа шыламады. Екі жағы суалып, өңі қуарып кеткен. Әншейінде көңілі бос, жаны нәзік, жүрегі жұмсақ Жүсекеңнің жыламай бекініп алғанына, ешкіммен сөйлеспей, үнсіз сілейіп тұрған жүзіне қарап, жұрт аң-таң. Бәлкім, көз жасын көрсетіп, онсыз да қайғыдан қан жұтып отырған Шәкеннің туысқандарын аяйтын шығар деп ойладым. Содан бір уақытта маған келді де: «Үйге барамын, кілтті бер» деп, біреу күтіп отырғандай асыға басып жүріп кетті.
 Үйге келіп, арқалы төсекке шалқая басын қойған күйі, баяулаған зарлы үнмен Тоқбайдың «Екі жиренін» домбырасына қосылып айтып отырса керек. Көзінен парлаған жас омырауын жауып кеткен. Тірі жанды байқар емес. Тек ән. Ән қанатының дірілі барлық денесін бірге дірілдетеді. Ән толқыны тереңге батырып бара жатқандай. Сол тереңнен Шәкен үнін іздейді. Кеше ғана бірге жүрген арыстай інісімен, Шәкенімен осылай қоштасып еді сонда Жүсекең. «Менің әке-шешемнен, апа-қарындасымнан, ішімнен шыққан баладан айырылып, қайғырған күндерім де болған. Соның бәрінен ауыр күйреткені – Мұхаң (М.Әуезов) мен Шәкеннің қазасы. Мұхаңнан айырылу – асқар тауыңның құлағаны, айдыныңның суалғанымен тең болса, Шәкеннің өлімі бүкіл көркемөнердің белін сындырып кеткендей болды. Ол қараңғы түнде сәулесімен жол салып, ағып түскен құйрықты жұлдыз сияқты ерекше жан еді ғой. Арманда қалдық...», деп еңкілдеп тұрып жылаған екен сол кезде жанында отырып, осы сәтке куә болған күйеу баласы Зейноллаға. Сәлден соң еңсесін көтеріп: «Шәкеннің ақырғы түнінде қасында болайық. Ұзақ сапарына аяғымыздан тік тұрып шығарып салайық...», деп қаралы жиынға қайта оралады.
   – Өнердің өрісін ойсыратып кеткен қазаны халқы қалай қабылдады? Арда азаматымен қазақ қалай қоштасты?
    – Шәкенмен қоштасу Абай атындағы ұлттық опера және балет театрында өтті. Театрдың маңы лықсыған халық. Ілби басып алды ғимаратқа кіріп, арғы есіктен шығып жатыр. Далаға шыққандары тарап кете жұмсағын дайындап, үйге келуін күтіп отыратын. Қауырт жұмыстарымен жүріп, қоймай, театр маңында айналсоқтап жүр. «Көбікшашқан» күйінің зарлы үні жиылған қауымның қайғысына үн қосып, сай-сүйекті сырқыратады. Шәкеннің табыты екінші қабатта, бас жағында қара жолақ байланған суреті ілулі тұр. Кенеттен қайтыс болғандықтан ба, түрі өзгермеген сол қалпында жатыр. Өлді деуге қайран көңіл сенбейтін сияқты. Табытқа қарасаң жүрегің езіле түседі. Қоштасуға келген жұрт толассыз ағылып жатты. Арасында үн салып, жоқтау айтып, көз жасына ерік бергендері қаншама. Олар Шәкеннің дарқандығын, серілігін, елден еректігін, қазақтың маңдайына сыймай кеткендігін айтып жылайды. Дауыс шығармағандары іштей егіліп бара жатты. Мұқым қазақтың қабырғасын қайыстырып кеткен сол қаралы жиыннан кейін менің де жаным күңіреніп сала берді. Жалпы, бүгінде жоқтау айту жойылып барады. Кейінгі ұрпаққа үлгі болсын, ата дәстүрін, салт-жоралғыларын біле жүрсін деген ниетпен айтып отырмын. Қазіргі жастар Шәкеннің түсірген бірді-екілі киносын білгенімен, оның қандай адам, қандай дарын иесі болғандығынан, азаматтық болмысынан бейхабар. Қазақ сұлуды сүйрік дейді, тұлпарды жүйрік дейді, тектіні қыран дейді, асылды пырақ дейді. Пырақ – Пайғамбарымыздың тұлпары, тегі асыл жануар болған екен. Шәкен де сондай қыран болмысты, пырақ текті азамат еді ғой, жарықтық. Шама келгенше, Шәкенімнің ол қасиетінің барлығын өлеңге сыйдыруға тырыстым. Алайда, бұл жоқтау бәленбей жылдан бері ешкім керек қылмай, қағазда жатып қалды. Ұрпақ үлгі алсын деп, енді соны халқыма жеткізсем деймін. Мұны Шәкеннің өзі қолымен құрған, бүгінде есімімен аталатын киностудияның мұражайына неге жарқыратып іліп қоймасқа? Көрген, оқыған жастар ұлы ұстазын тани жүретін еді, тағылым ала жүретін еді. Ертеректе баспасөз бетінен Қаз дауысты Қазыбек би бабамыздың қыздарының жоқтауын оқыған болатынмын. Сонда: «Ойпырм-ай, Қазыбектей шайырға лайықты жоқтау емес екен», деп ойлап, іштей күмілжіп қалғанмын. Бұл жоқтау, бір жағынан, ұлыларымызды ұлықтауда кетіп жатқан сондай олқылықтардың орнын толтырсын деген мақсатта жазылып еді.
    – Өсіп келе жатқан жастар, өскелең ұрпақ біле жүрсін. Сол жоқтауыңызды өз аузыңыздан жазып алсақ, апа.
    – Бәйгеге қосар жүйрігім,
Мінсіз туған сүйрігім.
Өнерлі туған өренім,
Толықсып толған кемелің.
Көп жабының ішінен
Суырылып шыққан тұлпарым,
Падишасындай айдынның,
Сән келтірген сұңқарым.
Еңселі ерен еліңнің,
Өрге сүйреп өнерін.
Уақыт мезгіл күндерін,
 Серпіп тастап артыңа,
Өнерлі елмен теңедің.
Елден ерек жаралған,
Шыңға біткен шынарым,
Алтын тұғыр үстінде,
Шегір көзді қыраным.
Асқарды сәнмен сәлделеп,
Көгілдір тартқан мұнарым.
Қайнардай тесіп жайылған,
Тынбай аққан бұлағым.
Сусындап елің суаттан,
Рақат табар құрағым.
Салтанат, сәнмен жарасқан,
Алтын ерлі пырағым.
Сәулеңді шашып еліңе,
Маздай жанған шырағым.
Күн асқан сайын сағынып,
Шәкенім, саған жылармын...
 – Ғибратты да риясыз әңгімеңіз үшін мың алғыс, апа.

 Әңгімелескен  Назерке ЖҰМАБАЙ,
 Қазақ ұлттық өнер университетінің өнертану магистранты.
 
    Елебекова Х. «Елден ерек жаралған, Шыңға біткен шынарым»: [КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ш. Аймановтың 100 жылдығана орай Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Х. Елебековамен сұхбат] / сұхбаттасқан Н. Жұмабай // Егемен Қазақстан. – 2014. – 15 ақпан. – 7 б.
     Елебекова Х. Шәкенді жоқтау: [Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ардагер актриса Х. Елебекова режиссер Ш. Айманов туралы] / сұхбаттасқан Н. Жұмабай // Қазақ әдебиеті. – 2013. – 25 - 31 қаңтар (№ 3 - 4). – 9 б.

Айманов бола алмайтынымыз анық, бірақ неге ұқсауға тырысып бақпаймыз?

Асанөлі ӘШІМОВ, КСРО халык, әртісі:
 
Тағдыр онымен тоғыстырған кезде мен жас едім. Әуедден ешкімнің әлпештеуін көрмеген басым, Шәкен мені тұқыртуға тырысар деп те ойладым. Бірақ олай болмады. Өзге де жүздеген адамдарға букпесіз ашық көнілін маған да таныт- ты. Өткем шақ туралы ой-пайымдарыма, болашаққа жасаған жоспарларыма сеніммен қарады. Ол, тегінде, экрандағы режиссерлік ойларымен байланыстыра қарап, маган актер ретінде көбірек назар аударды. Ол кезде мен оны әрдайым түсіне бермейтінмін. Мысалы, Шәкеңнің ойының актуальдығын түсінбегемдіктен, оның үстіне театрға құлай берілгендіктен де өзімнің жеке әрі шығармашылық түсінігіме сай «Атаманның ақырындағы» Шадияров рөлінен бас тартпақ болдым. Ол маған ұрысып суреткерлік арды ойлауым қажеттігін ескертті. «Осылай болуы керек!» - деді ол. Біздің осы жұмысымыз жайында ойласам, бүгінде қанағаттанған сезімге бөленемін. Шәкеннің өнер туралы айтқан шынайы сөзі еді! Ол сөзге мен де шын жүректен құладым. Жалпы, оның кинодағы қайраткерлік істері көп жағдайда құрбандықты талал етті. Керемет театр актері және режиссер ретінде таньшған ол әлі қалыптаспаған кино өнерінің ауыртпалығына арқа тосты.
 Ол өз халқының өмірімен, тағдырымен және өнерімен ғумыр кешті. Ол кең-байтақ ел өмірінен бөлінбей ғумыр кешті. Адамдарға деген ортаймас мейірімнің бастау көзі де міне. сонда жатты дөген ойдамын.
 Алғаш танысқан сонау алыс күндерден бастап, Шәкен мен үшін халықшылдық пен азаматтықтың, таланттың мәңгі үлгісі болып қалды.
Иә. Ол ұлы адам еді.


Әшірбек СЫҒАЙ,  театр сыншысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
 
Шәкен Айманов - қазак, өнерінің, қамқоршысы, қызметшісі ғана емес, оның айбыны да еді.
         «Қыз Жібек» фильмі қырғыз режиссерінің қанжығасында кеткелі тұрған сәтіңде, Шәкен Айманов сыңды өнер ағасының кесікті шешімі, намысқой мінезі жеңіс тізгінін режиссер Сұлтан Қожықовтың пайдасына жығып бергені де жадымызда. Бұл туралы Камал Смайыловтың соңғы кітаптарының біріңде толығырақ айтылған.
         «Атаманның акыры» - ұлы режиссердің соңғы да соқталы жұмысы. Аталмыш туыңды Шәкен Айманов шьіғармашылық талантының ең шарықтау шегі. Шытырман оқиғалы осынау өткір сюжетті көркем фильмнің таза іріктелген актерлік құрамы, режиссерлік сапасы, жалпы орындалу деңгейі сын биігінің қай тусынан қарасаңыз да. халықаралық талапқа сай шыққан ғажайып кинотуыңды. Реті келгенде айта кету керек, аталмыш фильм заманымыздың біртуар ұлы Д А Қонаев атамыздың тілегіне орай түсірілген. Идея сол кісінікі.
 Басты рөлде тамаша көрінген Асанәлі Әшімов есімін де әлемге әйгілеген аталмыш фильмге дән ризамыз. Асанәлі Шәкеннің бұрынғы фильмдеріне бұрын-соңды көп түсіп жарытқан емес. Экранға лайық туған Асанәлі Әшімов Қасымхан Шадияровтың бейнесін жасау арқылы, әлемдік кино жұлдыздарының қатарына еркін көтерілді. Ұлы режиссердің күйеубаласы болғандығы үшін емес, халық Әшімовті халық арасынан шыққан кесек талант ретінде қашанда қадір тұтады. Актер әрі режиссер Асанәлі бұл құрметке ұлы жауапкершілікпен қарап, ата жолын дәстүрге сай әдемі жалғастырып келеді.
 Біздіңше, Шәкең үрдісінде ру, бұру деген атымен болмаса керек. Әйтпесе, өзінің туған інісі, әншілігіне актерлігі сай Кәукен Кенжетаевты фильмнен фильмге оңды-солды түсіріп, хан көтермес пе еді. Кәукен ағамыз оған лайық та. Бірақ Шәкен талғамы басқаша, Айманов өлшемі өзінше, өзгеше. Амалыңыз қайсы? Інілерін еркелеткеңді көріп келеміз, (өкінішке қарай, бұл дәстұр де сиреп келе ме, қалай, басыңнан сипаудың орнына, «мен тұрғанда ол кім?» деп кеуде соғар ағаларымыз да жетерлік. Жас өсіп жетілмей ме екен?) ал ағаларын әбден еркелете білген қазақтың бірі Шәкең болар. Қал- лекей, Елағаңдарды әңгімеге қосып, кейбір пенделік әрекеттеріне шек-сілесі қататын Шәкен ағамыздың қуакы кулкісін естігенде іштей қатты сүйсінетінбіз. Жастары жағынан Қаллекейді әкесіндей, Елағаңды ағасындай сыйлап, Құдайдай құрметтеп, қол қусырып кішірейе отырып құрдасындай биязы қалжыңдайтын Айманов кісілігі ұлттық тәлім- тәрбиені байыта түсер деңгейге дейін көтерілгені күмәнсіз.
 
Әкім Тарази, Қазақстанның халық жазушысы:

 Қай салаға салсаң да, хас тұлпар озып келеді деген рас екен. Англиядағы Эвон жағасындағы Статфорд қаласында Отеллоны ойнайтын актерлердің дүниежүзілік фестивалі болды. Шәкен Айманов соған барды. Шәкең Шекспир елінен бас жүлдемен оралды. Мәжікең ағам екеуміз Лондоннан ұшып келген Шәкенді алғашқылардың бірі боп қарсы алдық.

Әбділда ТӘЖІБАЕВҚазақстанның халық жазушысы:

 Ол тым жас кетті. Оны білетіндердің қаи-қайсына да белгілі нәрсе - ол әлі де көп құнды дүниелер жасай алар еді.
 Ол тарих, халық, уақыт талап еткен суреткер еді. Бағымызға қарай, оның ғүмырында дәлме-дәл келген кезеңде қазақ өнеріне нақ осы Шәкен керек болды. Ақиқатында, Шәкен Айманов қазақ зиялы қауымының хас өкілі еді. Жас кино өнеріне жолбасшылық жасады, қазақ мәдениетін шетелдерге насихаттауға қапысыз қызмет етті. Егер біз Әуезовті, Мүсіреповті үлкен жазушы, драматург деп санасақ, қазақ өнерінде Шәкен де сол биіктегі тұлға. Оның айналасындағы қауымға қалдырған үлесі - талмай ізденіс, табысқа деген сенім, өмірді сүю, өмірді қадірлей білу қасиеті.

Кәукен КЕНЖЕТАЕВҚазақстанның халық әртісі:

 Ол халықтың нағыз қалың ортасынан шыққан, өнер үшін туған ғұлама артист еді. Қалибек және оның өмірде де, өнерде де достары болған Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жаңдарбеков, Елубай Өмірзақов, Қанабек Бейсейітов, Күләш Бейсейітова, Жұмат Шаниңдер қазақ совет өнерінің ту ұстаушылары, алғашқы қызғалдақтары. Шәкен жоғарыда аты аталған ағаларына зор ілтипатпен, үлкен құрмет, таза сезіммен қараушы еді. Шәкеннің осы бір мінездерін ағалары да жаныңдай жақсы көретін. Шәкен қайсысының үйіне бармасын, құрметті қонағы, тіпті сол үйдің өз адамдарының бірі болып кетеді. Оның сықақ әңгімелерін, қалжың сөздерін бәрі ішегі қатқанша күліп, сүйе тыңдайтын. Шәкеңді аса бір бөлек сүйіспеншілікпен жақсы көретін адамның бірі Елағаң (Елубай Өмірзаков) еді.
 Елағаң қатты науқас үстіңде жатып, дүние саларына көзі жеткен соң, өзінің ақырғы демі үстіңде «мені Шәкеннің жанына қойыңдар..» дейді.
 Марқұмның айтқаңдарын орыңдадық. Шәкенмен топырағы бірігіп жатыр.
 Айманов бола алмайтынымыз анық, бірақ неге ұқсауға тырысып бақпаймыз?: [кинорежиссер Шәкен Аймановтың туғанына - 100 жыл] // Жас Алаш. – 2014. – 13 ақпан. – 1, 5 б.

Шәкен Айманов туралы сөз

 Түсіру алаңында бәрі де оны Шәкен Кенжетайұлы дейтін. Ал жұмыстан тыс уақытта көбі, тіпті одан жасы кішілер де Шәкен деп атымен атайтын. Біраң оған «сен» деп тек Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов сияқты жасы жағынан шамалас жақын жолдастары ғана айтуға құқылы болатын немесе Ғабит Мүсірепов секілді көпке қадірлі ақсақалдар ғана айта алатын.
 60-шы жылдары киноға жұмыс істеуге біраз жазушылар тартылды. Бірқатар авторларды Шәкеннің өзі тапты. 1963 жылы ол мені де шақырды: менің «Атамекен» деген өлеңімді оқыған екен. Осы өлең бойынша сценарий жаз деп ұсыныс айтты. Бұл мен үшін тосын іс болғанмен, жазып көрейін деп келісім бердім. Сөйтсем, өлең жазу оңайырақ екен. Бір жыл бойы сценарий жазумен болдым, ондаған вариантын жасадым. «Қазақфильм» мен КСРО-ның мемкиносында қаншама мәрте талқылау болды. Оппоненттердің қайсыбір сын-ескертпелерімен ІІІәкен келіскенімен, мен келіспеймін. Кейде керісінше: яғни мен келісім берсем, Шәкен қарсы болады. Менің ойымша, қызықты да тартымды деген көріністер мен диалогтардың көбін цензура тарапынан сызылып, қайшыға түскен сияқты. Мысалы, біз Шәкен екеуіміз кеңестік кинода бірінші рет Солтүстік Кавказ халықтарының 1944 жылғы қыста Қазақстанға күштеп көшірілгенін көрсетпекші едік. Бар күшімізді салып күрестік. Мәскеу өткізбей тастады. Осы көрініс - сюжеттерден үзік-үзік қиындылар ғана қалды. Оның өзі де көп жағдайда Шәкен беделінің арқасында ғана қалған еді.
 Осынау алғашқы практикалық жұмыс менің жеделдетілген «сценарист мектебінен» өтуіме көмектесті. Мен киноәдебиет жазудың техникасын меңгеріп қана қойғам жоқ. Сонымен бірге кино өнімдерін әзірлеудің барлық құпиялары мен саяси кухнясын біліп алдым. Маған сол кездегі кинода қалыптасқан шығармашылық атмосфераның өзі ұнайтын. Ең бастысы, Көркемдік кеңесте өткен қызу талқылаулардан соң да біз «өмірлік жаулар» болып қалмастан, келесі мәжіліске дейін ғана «кетісіп», қайта табысып жататынбыз. Менің «шығармашылық тұлға» ретінде қалыптасуым жүрегі мен жаны Шәкен - Мәжит - Сұлтан болған ұжымда жүзеге асты. Дәл осындай кино мектебінен Бауыржан Момышұлы, Ілияс Есенберлин, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов та өтті. Ал біздің бәрімізден бұрын Ғабит Мүсірепов өткен.
 Мен Жазушылар одағында қатардағы хатшы және бірінші хатшы болып қызмет істеп жүрген кезде өзімнің жастық шағым сияқты мені әрдайым киноға тарта беретін. Сөйтіп жүріп киноға қайта оралдым. Кинематографистер одағының жетекшілігіне сайландым. Республиканың Мемлекеттік кино комитетінің төрағасы болып тағайындалдым. Менің қатысуыммен (автор, редактор, әкімшілік ретінде) «Атамекен», «Қыз Жібек», «Ел басына күн туғанда», «Мәншүк туралы ән», «Көксерек», «Қараш-Қараш», «Мазасыз таң» сияқты студияның үздік фильмдері түсірілгенін бүгінде қуана еске аламын.
 ...Шәкен арамыздан өзінің нағыз шығармашылық таланты биікке самғайтын кезде кетті. Оның «Атаманның ақыры» фильмінің аруақты атқа ие болуы да тегін емес. Өйткені бұл қазақ киносының нағыз «атаманының» соңғы картинасы еді.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, Париж, 2004 жыл, 27 мамыр.
 Сүлейменов О. Шәкен Айманов туралы сөз: Көрнекті актер, режиссер Шәкен (Шаһкәрім) Аймановтың туғанына - 105 жыл // Сарыарқа самалы. – 2019. – 2 ақпан. – 5 б.

СЛАМБЕК ТӘУЕКЕЛ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

 «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған...» демекші ІІІәкен ағаның көзі жоқ болса да, оның елі үшін, қазақ мәдениеті үшін жасап кеткен ісі, артына қалдырған мол мұрасы ғасырларға ұласады. Яғни, атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Ол сегіз қырлы, бір сырлы, өмірге өте құштар адам болды. Мен кезінде Шәкен Кенжетайұлымен араласып тұрдым. Өте қарапайым еді, сол қасиетіне қайран қалатынмын. Біз бүкілодақтық кинематография институтында оқып жүргенімізде ол жиі келіп, ағалық ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісіп, дәріс оқып тұратын. Арасында студенттерге өз қолымен дәмді палау пісіріп беріп кететін. Ол кісінің аспаздық өнерден де құр алақан емес екендігін сонда көрдім. Мен Шәкен ағаны өн бойы өнерге тұнған өте талантты тұлға ретінде танып білдім. Тіпті, оның Мәскеу фестивалінде ағылшынның атақты әртісі Элизабет Тэйлормен билеп, бірінші орынды жеңіп алғаны соның дәлеліндей.
 Жалпы, ойлап отырсам, бұл кісі істемеген жұмыс жоқ екен. Ол Жоғары Кеңес депутаты болып сайланды, мемлекеттік комиссиялардың құрамына енді әрі телестудия мен кинемотография саласында да елеулі еңбек етті. Осындай жан-жақты адамның мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде өткізуге де болар еді.
 
Шодыр Нұржайна. Саңлақ салған сара жол: [Режиссер, КСРО халық әртісі Ш. Аймановтың туғанына 110 жылдығына орай С. Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университетінде ғылыми конференция өтті] // Saryarqa samaly. – 2024. – 21 наурыз (№ 12). – 8 б.

Шәкеннің сүйікті әні
Жиырма бес
Халык әні. Сөзін жазған С. Бегалин

Жастық шақ, өттің заулап көшкен желдей,
Алыстан көрінесің асқар белдей.
Құлазып көңіл шіркін толғанады,
Қоныстан қопарыла көшкен елдей.
Өмірге ерте туып, асыға өскен,
Дүниеге адам қонақ түней көшкен.
Ер туып, ел қорғаған ата-баба,
Солардың ізі жатыр, тозаңы өшкен.
 Шәкеннің сүйікті әні. Жиырма бес: Көрнекті актер, режиссер Шәкен (Шаһкәрім) Аймановтың туғанына - 105 жыл // Сарыарқа самалы. – 2019. –- 2 ақпан. – 5 б.

Әмина ӨМІРЗАҚОВА,
Қазақстан Халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері:

Сұңғыла еді

 М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрына мен Шәкен Кенжетайұлы бірқатар рөлдерді керемет ойнап, сахна шебері, сөз шебері болып қапыптасқан, ол туралы жартылай аңыз әңгімелер айтылып жүрген кезде келдім. Маған Шәкеннің өзі ойнаған «Мылтықты адам» пьесасында Щадриннің зайыбының рөлін ойнайтын Қазақ КСР-інің халық әртісі Р. Қойшыбаеваның ұяң дублершасына бәрі де қорқынышты еді. Репетицияға құдды есім кіресілі-шығасылы кісідей, әйтеуір сүлдемді сүйретіп келгенмін. Алайда Шәкен актерлік қызуқандыльғымен, ашықгығымен бірден баурап әкетті де, мен өз бойымдағы қысылып-қымтырылу сезімінің қайда кеткенін білмей де қалдым. Партнерімнің маған деген сенімі қанат бітіріп, кібіртік, күмілжуден бірден арылдым. Дәл жасалған образдық шешімнен, дәл табылған қарым-қатынас, жағдайды оқудан оның көздері оттай жанатын. Кейінірек, басты рөлінде өзім ойнаған режиссер А. Карповтың «Ана туралы аңыз» картинасынан кейін кездескенімізде Шәкен әзілдей тұрып, мен үшін комедиялық рөл жазылып жатқанын айтты. Содан кейін ешқандай ойын-қалжыңcыз «Тақиялы періште» сценарийімен танысып шығуды ұсынды. Бұл мені қуантты, әрі қобалжытты, өйткені комедиялық рөлде ойнап көрмеп едім. Шәкен көңілімді демеп, «сен сан алуан типаждар жасауға жаралғансың», - деп күлді. Шәкенмен режиссер ретінде бірге жұмыс жүргізу де қызық екен. Түсіру алаңындағы тып-тыныш ахуал мені таңқалдырды. Шу да жоқ, қарбалас жүгіріс те жоқ. Бәрі де оның ым қағысынан, бірер ауыз сөзінен қажет нәрсені түсіне қояды. Ол өз ойын актерге өте жеңіл жеткізе білетін. Бесенеден белгілі жайт, әрбір актер өз сүйікті образын жасауды арман етеді ғой. Бір таң қаларлығы, біздің жағдайымыз нешік, нені армандап жүрміз, - Шәкен бәрін де сұңғылалықпен білетін, жанымызды терең танып үлгеретін. Оның аралас-құраластыққа бейімдігі мен қарапайымдылығы бізді бірден тартып әкететін.
 Ауа райының бұзылуына немесе түсіруге кедергі келтіретін басқа да себептерге бола оның ашуланғанын көрмеппіз. Қайта, қалжыңдап, төңірегіне бізді жинап алып, домбыра тартып, әнмен сүйемелдей отырып, халық аңыздарынан сыр шертетін. Ол көпірме қызыл сөзден ада, тамаша әңгімешіл кісі болатын. Шәкенмен бірге кинофестивальдарға жиі бардым. Біз қайда болсақ та, барлық оқиғаның дәл ортасынан табыла білетін оның айналасында өмір қыз-қыз қайнап жататын. Соның арқасында қазақ делегациясы кино корифейлерімен тығыз байланысты болып, бұл біздің шығармашылық жұмысымызға деген сенімімізді арттыра түсетін.

Асқар ТОҚПАНОВ,
Қазақстан Халық әртісі:

Бір өзі - бір театр

 Шәкен Кенжетайұлы - менің құрдасым. Диплом жұмысым Шәкен, сондағы Керімнің рөлін ойнаған Леонид Соболев пен Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясын қою болды. Керімді ол жоғары деңгейде, әрі күрделі, әрі нәзік, драмагургиялық жағынан өте сенімді орындап шықты. Шәкеннің әр сөзіне, әрбір ым-ишаратына иланбау мүмкін емес еді. Шығармашылық жолындағы екінші ұшырасуымыз 30-жылдардағы қазақ зиялылары өміріне арналған Ш. Хұсайыновтың «Марабай» спектаклін коюға байланысты болды. Шәкен ірі лингвист - Марабайдың образын сомдады. Үшінші кездесу Шәкен Чарльз Бреттаны ойнаған «Терең тамырлар» спектакліне сай келді. Чарльз Бреттада ол кейіпкер кейпіне енудің таңғажайып үлгісін танытып, әсерленуді ұшар биігіне жеткізді. Шәкен Кенжетайұлының осы рөлді ойнағанын көрген Юрий Александрович Завадский мен Павел Кадочниковтың көңілдері босап, үлкен табысымен құттықтауға келгенде, тебіреністі үнмен: «Шәкен, сіз өз мүмкіндігіңізден де асып түстіңіз», - десті.
 Шәкен Кенжетайұлы Қазақстанның театр әлемінде ғана емес, сондай-ақ кинематографиясында да зор тұлға еді. Оның қойған дүниелерінің шарапатымен актерлеріміз Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Хадиша Бөкееваға Мемлекеттік сыйлық берілді. Шәкен жан-жақты, әмбебап адам еді. Күйлерді, халық әндерін керемет орындайтын. Ол ән салған кезде сілтідей тынып, ынтыға құлақ тосатынбыз. Ол адамды сиқырлап, өзіне табындыра білетін актер дарынын иеленді. Жалғыз өзі бүтін бір театрға татитын, бүтін театр жүгін арқалай алатын. Кез келген ортада асаба, дирижер бола кететін және оған жұртшылық та ынтамен бағынатын. Оның тапқырлығы мен жарқын ақыл-ойына үзеңгілестеріне тәнті едік.
 
Елін сүйген ер есімі ұмытылмайды: [15 ақпанда қазақ киносының хас шебері, актер, режиссер, КСРО халық әртісі Ш. Аймановтың туғанына 110 жыл толады] / Әзірлеген Торғын Оразалы // Saryarqa samaly. – 2024. – 8 ақпан (№ 6). – 17 б.

Гасан СЕЙДБЕЙЛИ,
кинорежиссер, Әзербайжан халық әртісі:

 - Шәкен екеуіміздің өте бір қызықты кездесулерімізді айтқым келіп отыр. Бір күні Шәкен өзінің көптеген кинематография саласында істес достарымен Баку қаласына келді. Мен оны Каспий теңізінің жағасындағы саяжайыма қонаққа шақырдым. Біз онда көп отырдық. Ол сол отырған көпшіліктің әрдайым көңілін көтерумен болды. Тіпті, керек десеңіз, сол маңдағы ауылдардан келген ұялшақ әзербайжан қыздары да бүкіл топты той-думанға бөлеп отырған Шәкенге таяу келіп, оның тамаша қызыққа толы әңгімесін тыңдаумен болды. Оның тамаша шешендікке, мысқылменен өткірлікке толы сөздері және әртістік қимыл-қозғалыстары төңірегінде отырғандарды қайран қалдырды. Осы сияқты оның ерекше көңілді мінездері, адамды өзіне тарта білетін келісімді қылықтары менің есімде мәңгі сақталатын сияқты.

Ефим ДЗИГАН,
кинорежиссер, КСРО халық әртісі:

 - Жамбыл туралы фильм қойылатын болды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе - басты рөлге кімді қою еді. Бұл сияқты өте күрделі рөлді кім ойнап бере алар екен деген сұрақ туды. Осы кезде көп актерлермен бірге Шәкен де сынға түсті. ІБіз Шәкенді бір байды жақтайтын мақтаншақ ақынның рөлінде ойнатқымыз келіп еді. Шәкенге домбыра беріп, өлең айтқыздық. Ол домбырасын қолына алып, отыра қалды. Біз оны түсіре бастадық. Міне, дәл осы арада ол өзінің асқан талант екендігін дәлелдеп берді. Сондықтан да біз оны Жамбылдың рөліне тағайындадық.

Георгий ЧУХРАЙ,
кинорежиссер, КСРО халық әртісі:

  - Шәкен Айманов - кеңес кинематографиясының тарихынан үлкен орын алатын адам. Біз оны әр уақытта да көңілі көтеріңкі, достықты сыйлап, жастарды жебей білетін адам ретінде білетін едік. Менің есіме V Халықаралық Мәскеу кинофестиваліндегі бірлесіп істеген жұмысымыз түсіп отыр. Бұл өте қиын фестиваль болды. Мұнда жюриге қатысушылардың арасындағы күрес, айтыс-тартыс өте сұрапыл болды. Дұрысын айтсам, осы қазылар алқасының төрағасы болған маған достық жәрдемі өте қажет еді. Шәкен Айманов маған осындай дос болып шықты. Осы арада ол өзінің тамаша іскер екендігін, өжет те батыл екендігін, сонымен бірге тамаша тапқыр екендігін дәлелдеп берді.

Марк ДОНСКОИ,
КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері:

 - ШәкенАйманов жөнінде көп айтуға да болар еді. Менің айтайын деп отырған ойымның ең бастысы-оның бала мінезділігі. Ол тек талантты емес, сонымен бірге дана да болатын. Оның бет-әлпеті қаһарлы емес, инабатты еді. Ол әр мәселені де айтыс-тартыс арқылы шешуді жақсы көретін. - Сәлем, Марк! - деді Шәкен бір күні маған.
- Сәлем, менің қымбатты достым! – дедім мен де. - Сен білесің бе, мен шахматты сенен гөрі жақсы ойнаймын. Біз ойнап кеттік. - Сен осы шахмат ойнағанда, қате жібересің бе, жоқ па? - деп сұрадым мен одан ойнап отырып. - Сенің мынау сұрағың қызық екен, дүниеде қателеспейтін адам барма? - Бар, бар, - дедім мен оған. - Кім ол?-деп таңқалды Шәкен. - Меніңше, олар кәсіпшілер. Олар өз кәсібін тамаша біледі. -Ха-ха-ха! Сен менің ойымды қайталап отырсың. Оларда бәрі дұрыс болғанымен; олар суреткердей қиналмайды. Өнер азапсыз емес, өмір толғаныссыз емес. Міне, өнерпаз осылай өмір сүру керек. Біздің қымбатты досымыз Шәкен Айманов өмірде де, өнерде де осындай еді.
 
Естеліктер: [Кинорежиссер Ш. Айманов туралы естеліктер] // Saryarqa samaly. – 2024. – 8 ақпан (№ 6). – 16 б.

Шәкен АЙМАНОВ,
КСРО халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының иегері

Үш кезең

 Қазақ киноөнері бұдан көптеген ғасырлар бұрын туған болатын. Бұл сөзіме таңданбай-ақ қой, қымбатты оқырман! Егер киноның сан ғасырлардан бері бүкіл халық мәдениетінің тікелей мұрагері екенін еске алсақ, кино ұлттық көркем творчествоның фольклор мен әдебиет, театр мен бейнелеу өнері секілді түрлерінің барша байлығын бойына сіңіріп, қастерлеп кәдеге асырушы болды десек, онда киноны нақ пәлендей жылы туды деп тап басып айта қою қиын. Бәлкім, бұл айрықша мәнді кезеңді ХІХ ғасыр деп есептеп, шежіренің бірінші парағын Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Құрманғазы Сағырбаевтан ашу керек шығар. Бірақ әңгіме нақтылы датада емес. Бәрінен де өткенге көз тастай біліп, бүгінде халыққа қалтқысыз қызмет ету эстафетасын қуатты да құдіретті қолдардан қабылдап алғанымызды ұғу лазым.

Бірінші кезең

 Бәрінен бұрын кинохроника дүниеге келді. Қазақ жерінде туған алғашқы фильмдер документалды болды. Бұл - бүкіп әлем кинематографиясына тән нәрсе. Документалистер әрқашан да жаңа өнердің алтын қазынасын ашатын барлаушылар іспетті еді. Мәселе хрониканың күй талғамай, сол кездегі қарапайым техникамен-ақ өз ісін атқарғанында емес. Кинохрониканың алғаш рет дәл бізде тууы заңды еді, өйткені дәл менің Қазақстанымдай орта ғасырлық мешеуліктен бірден социалистік қуатты құрылыстың асқар шыңына шыққан ел дүниежүзінің еш түкпірінде жоқ еді. Республикамызда жаңа құрылыстардың түтіні будақтап, айнала төңірек айрықша күйге бөленіп жандана бастады, мектеп, театр, клубтардың есігі ашылып, өлкемізде өндірістің іргетасы қаланып, көп салалы ауыл шаруашылығы өркен жайды. Ертеңгі адамның ұлы тарихтық кезеңдерді танып-білуі үшін осы жаңалықтардың бәрін киноға түсіріп алу керек болды. Сол күндерде алғаш рет «Советтік Қазақстан» киножурналы шыға бастады. Қазақстан кинематографиясының дүниеге келуі кезеңінде құрылыстар мен шахталарда, кеңбайтақ даламызда және балықшылардың қайықтарында операторлар М. Сағымбаев, Г. Новожилов, Я. Смирнов және Ф. Әпсәламовтарды, режиссер О. Әбішевті, тағы басқаларды көруге болатын. Сөйтіп «киноаппарат ұстаған адамдар» республикамыз өмірінен өз орнын алды.

Екінші кезең

 Жылдар өтіп жатты. Ол бір қайнаған қызу еңбекке толы жылдар болатын. «Встречный» фильмі өзінің дүниеге келгенін жер жүзіне паш етті. Көрген жұртты революциялық жігерге бөлеп, «Максим» бүкіл экрандарды аралап шықты. Жеңімпаз «Чапаев» ақбоз атын құйғытып, барша әлемді басып өтті. Қазақстан мадениеті де өркендеп, құлашын кеңге жая бастады. Жазушылар мен композиторлар, суретшілер мен актерлер жемісті еңбек етті. Сонымен, ұлттық кинематографияның толғағы жетіп, туар күні де таяна түскен. Бір жолы біздерді, өнер қызметкерлерін республиканың үкімет басшылары шақырып алды. «Қазақтың Чапаевы саналатын аты аңызға айналған Амангелді Иманов туралы фильм жасай аламыз ба?» - деп сұрады олар бізден. Әрине, қуана қолға алар едік, бірақ техника жоқ-тын, база болмайтын, киноға деген шеберлік әлі жетіспейтін. Шіркін, туыстың пайдасы осындайда ғой, қысылғанда қол ұшын бергенге не жетсін! Орыс жазушысы Всеволод Иванов келді де, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсіреповтермен бірге фильмнің сценарийін жазып шықты. «Ленфильм» режиссер Н. Левин мен оператор Х. Назарьянцті жіберді. Кино түсіретін топтың барлық қызметкерлері келді. Олар техникамен көмектесті, сөйтіп жұмыс қыза жөнелді. Сол шақ Қазақстанның бүкіл актерлер әлемі «бақыттылар» мен «бақытсыздар» болып дереу екі топқа бөлінгені әлі есімде. Біріншілері - киноға түсіп жүргендер де, екіншілері - бұл іске қатыспай, сырт қалғандар болатын. Киноның кадрларының бірінде елеусіз ғана бір көрініп қалған менің өзімді достарымның көбі күндеп, көре алмағанын айтсам, Амангелдінің жарқын образын жасаған тамаша әртіс Елубай Өмірзақовқа барша жұрттың қалай қызыққанын өзіңіз-ақ ұғарсыз. Бұдан кейін орыстың экран шеберлерінің көмегімен «Раушан гүлі», «Райхан», «Абай жырлары», «Алтын мүйіз» секілді көптеген фильмдер пайда болды. Олардың кейбірі қазір жиырма жылдан кейін көзге қораш көрінсе, ал енді біреулері әлі де совет киносының таңдаулы фильмдерімен таласа алады. Қазақстан кино өнеріне орыс киносының шеберлері көрсеткен, қазір де көрсетіп отырған аса зор көмектеріне айтылар алғысты ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Алайда біздің республикамызға ауық- ауық келіп-кететін ең ірі кинорежиссерлердің өздері де ұлттық характердің терең қүпиясына бойлай алмады. Қазақ халқының өмірін жете түсініп, жеткізе көрсете алмады. Олар тек қазақ елінің өздеріне бейтаныс көріністерін қызықтап, соны ғана түсірумен болды, сол себепті фильмдері атүсті, қара дүрсін шықты. Ал ұлттық маман режиссерлеріміз атымен жоқ-тын.

Үшінші кезең

 Өнерде алғашқы қарлығаштың өзі-ақ күлімдете көктем тудырып, жадырата жазды әкеле алады. Қазақстан киноөнері дамуының жаңа бір кезеңін бастап берген «Жамбыл» фильмі десек қателеспейміз. Ұлы ақынның өмірбаянына құрылған фильмде бейне тамшы судағы күн сәулесіндей қазақ халқының өткендегі және бүгінгі тағдыры сөз болды. Одан кейін «Шабандоз қыз», «Дала қызы», «Біз осында тұрамыз», «Ботакөз», «Біз Жетісуданбыз», «Біздің сүйікті дәрігер», «Шоқан Уәлиханов» фильмдері пайда болды. «Қазақфильм» студиясы шығарған фильмдер еліміздің экрандарына жылдан-жылға көбірек шыға бастады. Әрине, олардың бәрі бірдей көрерменнің көкейінен шыға қойған жоқ. Әйткенмен, олар қазақ киноөнерінің сапасы артып, санатқа қосыла бастағанының айқын нышаны еді. Ең бастысы - барған сайын жаңа есімдермен толыға түсіп, сап түзеген ұлттық кадрларымыздың, маман режиссерлеріміздің қатары артты. М. Бегалин, С. Қожықов, Е. Арон секілді қарт тарлаңдармен бірге Ә. Қарсақбаев, Ш. Бейсенбаев, Ж. Бәйтенов секілді жастар да өз шеберліктерін танытып отыр.
 Сценарий ісіне жетік жазушылар «Қазақфильм» төңірегіне топтана түсуде. Кино өнерінің айтылмыш капитаңдары бұл күнде фильм жасау секілді күрделі де көп тармақты индустриялы үдерістің барша дәрежелерінде еңбек ететін қадрлар нөпірін соңынан ертіп отыр. Ал мұның өзі - шын мәніңде, есейіп, ержеткеннің белгісі. Кино өнері бап сүйгіш өсімдік секілді. Ол қу медиен тақырға өсе алмайды. Ол өзіне мол мұра керек етеді. Ал Қазақстан кинематографиясы осындай мұраның, яғни қазақтың ұлттық әдебиетінің, музыкасы мен театрының қазыналы қайнар бұлағынан сусындайды. Күн сәулетті Қазақстанның қолы жеткен кереметтей табыстарына бүкіл жер жүзі таңырқап, таңқалуда, соған орай біздің ұлттық кинематографиядан да көп нәрсе күтері хақ. Біз бүгінде киноөнеріміздің қарыштап гүлденуіне қажетті жағдайдың бәріне иеміз, ал өз ісімізге деген асқан жауапкершілік сезімін біз әсте естен шығармақ емеспіз.

«Жаңа фильм» жорналы, №1-4,1969 ж.
 Айманов Ш. Үш кезең: [Қазақ кино өнерінің тарихы туралы] / 1969 жылғы № 1- 4. «Жаңа фильм» жорналынан // Saryarqa samaly. - 2024. - 8 ақпан (№ 6). - 16 б.

Mobirise



Яндекс.Метрика